Мұқтаж балаларға қамқор болудың ақтөбелік үлгісі
Мейірім
Ерболдың қуанышы
Ақтөбелік Ербол Уралов кеше ғана пәтер кілтін қолына алды. Өзінің жеке баспанасы! Ербол Алға балалар үйінде тәрбиеленді, ағасы мен қарындасы бар. Мектеп бітіргеннен кейін Шұбарқұдықта әкеден қалған баспанада бауырларымен бірге тұрды.
— Мектеп бітіргеннен кейін «Нефтестройсервис» компаниясына жұмысқа тұрдым. Жұмыс істей жүріп, білім алдым. 2013 жылы қолыма құрылысшы-монтаждаушы мамандығы дипломын алып шықтым, — дейді Ербол.
Қазір Ербол «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрады. Өзі құралпылас жүзге жуық достарымен бір үйдің балаларындай болып кеткенін айтады. Мұнда балалар үйлерінің және мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған білім беру мекемелерінің түлектері уақытша тұрады.
— Жасым 28-де. Ал мұнда 29 жасқа дейін тұруымызға ғана мүмкіндік бар. Шыны керек, балалар үйінен шыққан балалар үшін бұл үлкен қамқорлық. Осындай жағдай жасаған басшыларға, жанашыр ағаларға алғысымыз шексіз. «Мейірім» қазір менің үйім секілді болып кетті. Өз пәтеріме барып, қоныстанғаннан кейін де осында жиі келіп тұруға тырысамын, — дейді Ербол.
«Мейірімге» келгеннен кейін Ербол бірден «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашты. Депозитке бір жылдай ақша салып, 600 мың теңгеден асырды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалы демеуші болып, Ерболдың шотына 460 мың теңге салып, депозит бірден миллион теңгеге толықты.
— Былтыр қаржыгерлер күні қарсаңында қамқорлыққа мұқтаж жастарға қолдау көрсету мақсатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалы миллион теңге көлемінде қаржы қарастырып, екі адамның шотына бөліп салды. Ербол Ураловқа бір бөлмелі пәтер алу үшін депозитінде 1 миллион теңге қаражат болуы тиіс болды. Яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жылдық 5 пайызбен несие рәсімдеу үшін депозитте пәтер құнының 20 пайызы болуы тиіс-тұғын. Біздің банк Ерболдың шотына жетпей тұрған 460 мың теңгені салды. Осылайша Ербол төмен пайызбен несие рәсімдеп, «Нұр Ақтөбе» ауданынан пәтер алды. Сонымен бірге тағы бір салымшымыз Манар Бердалинованың есепшотындағы 1 миллион теңгеге жетпей тұрған 540 мың теңгені банк тарапынан толықтырып, оның да пәтер алуына септігімізді тигіздік. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» алдағы уақытта да мұндай қайырымдылық шараларын жалғастыратын болады, — дейді банк филиалы директорының орынбасары Рауан Баяш.
Ерболдың пәтерінің кілтін алғанына 1-2 күн ғана болды. Енді ол жақын-жуықтарын шақырып, қоныстойын жасағысы келеді. Ерболдың табандылығы, төзімділігі өзі құралпылас талай жасқа үлгі боларлық!..
Балалар жылында жүзге жуық бала баспаналы болды
Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты бағдарламалар бар. Облыстық деңгейде де соңғы жылдары осы бағытта арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, қамқорлыққа мұқтаж балаларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жасалып жатыр.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың 2016 жылы бекіткен «Ақтөбе облысының жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша 2016-2020 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары» аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамынан 443 балаға есепшоттар ашылған болатын.
— Ақтөбе қаласы білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршы органының есебінде 443 бала қорғаншылық есебінде тұр, бұл 443 баланың 32-сі — патронаттық тәрбиеде. Осы балалардың барлығына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозиттер ашылған болатын. Осы депозиттерге қаржы салу мақсатында Ақтөбе қаласы әкімінен бастап, бөлім басшылары мен олардың орынбасарларына, қалалық мәслихат депутаттарына, ведомствоаралық бағыныстағы кәсіпорындарының барлығына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім балалар бекітілді. Олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» ашылған балалардың жеке шоттарына ай сайын жалақы есебінен қаражат салып отырады. Қазіргі таңда 443 баланың есепшоттарында 34 028 125 теңге қаражат бар, — дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ағырыс Шагирова.
Қалалық білім бөлімі өкілінің айтуынша, 2015 жылы 31 бала, 2016 жылы — 44 бала, 2018 жылы 25 бала баспаналы болған.
— Былтыр «Кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа жетпеген жетім балалар» санаты бойынша кезек ретімен 16 бала, «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» арқылы 6 бала, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы 3 бала пәтер алды. Одан бөлек жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша 2016-2020 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында білім беру ұйымдарында өткізілген акциялар, қайырымдылық іс-шаралардан түскен 250 000 теңге қаражат та балалардың есепшоттарына аударылды, — дейді А.Шагирова.
Былтыр өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облысымызда Балалар жылы жарияланып, «Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылған болатын. Балалар жылы аясындағы іс-шараларды іске асыру мақсатында 8 топтама жасалып, қомақты қаржы бөлінгенді. «Жақсылық жасауға асығыңыз» деп аталған 7-топтамада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылды. Бұл бағытта облыс көлемінде қайырымдылық шаралары өткізіліп, қамқорлыққа зәру балаларға мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетілді.
Кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған мыңға жуық баланы өз қамқорлықтарына алып, олардың шоттарына жыл басынан бері қаржы салып тұрды.
Осылайша қамқоршылар балалардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» жинақ есепшоттарын 80 млн теңгеге толықтырды.
Нәтижесінде Балалар жылы аясында 81 жетім балаға жаңа пәтерлер мен үйлердің кілттері табысталды.
«Мейірім» орталығынан өз пәтеріне дейін…
2017 жылы облыста «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылған болатын.Елімізде баламасы жоқ бұл жобаны «Сәби» қайырымдылық қоры Ақтөбе облысы әкімдігімен бірге іске асырды.Аталған қор жетекшілері жеке қаражаты есебінен Кірпішті ауылында жастарға арналған орталықтың ғимаратын салып берді.
— Ата-анасыз қалған балалар үшін ең өзекті мәселенің бірі тұрғын үй екендігін жақсы білеміз. Қазір жетім балаларға үй беру жөнінен мемлекеттің арнайы бағдарламасы бар. Біз барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Балалар үйлерінің және мамандандырылған мектеп-интернаттардың түлектерінің тағдырын үнемі бақылауда ұстап, біліп, оларға жан-жақты қолдау жасауымыз керек. Ең бастысы — оларды жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек, бұл үшін билік бар күш-жігерін жұмсайды, — деген болатын ілкіде облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Бұл ерекше орталықта балалар үйінің түлектері ес жиып, етек жиғанша тұра алады, яғни мұнда жастар 29 жасқа жеткенше әлеуметтік тұрғыдан бейімделу кезеңінен өте алады.
— 16-23 жасқа дейінгі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, күндізгі оқу бөлімінде білім алып жүрген жастар толық мемлекет қамқорлығында, студент жастар азық-түлік, киім-кешек, қоғамдық көліктерде жол жүру ақысымен тегін қамтылады.
23-29 жасқа дейінгі жұмысшы жастар келісімшарт негізінде 29 жасқа дейін тұра алады және коммуналдық төлемдерді төлейді, бұл олардың өмірге бейімделіп, өзін-өзі қамтамасыз етуге, жауапкершілікке тәрбиелейді. Қазір мұнда 102 адам тұрып жатыр, олардың 68-і — ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар, 34-і — жетім балалар. Былтыр 28 түлегіміз баспаналы болды. Оның ішінде 8 адам «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» несие рәсімдеп, пәтер алды, 1 адам «Береке» тұрғын үй кооперативінен несиеге баспана алса, 19 адам Ақтөбе облысы аумағынан мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезегі бойынша жалдамалы пәтерге қол жеткізді. Қазір 98 тәрбиеленуші мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұр, — дейді «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Ж.Дүйсенбина.
P.S. Ата-анасының қамқорлығынсыз, жетім қалған балаларға көмек көрсетудің, олардың баспаналы болуына қамқорлық жасаудың ақтөбелік моделі елге үлгі болып отыр. Жетім балалар үйінде тұру мерзімін 29 жасқа дейін ұзартқан алғашқы өңір де Ақтөбе болатын. Қазірде облыста жүздеген жетім бала жеке баспаналарына қол жеткізіп, қоныстойын тойлап үлгерді.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.